Өңірде құрылған авариялық-құтқару қызметтерінің және бөлімшелерінің қызметкерлері жаттығуға қатысып, материалдық-техникалық базасының жағдайын тексерді. Оқу-жаттығуға барлығы 20 техника, 6 мотопомпа және жеке құрамның 167 адамы жұмылдырылды. Дайындық шаралары жеке құрамды жауынгерлік көтеруден, олардың дайындығын тексеруден басталды. Әрі қарай ТЖ департаментінің Дағдарыс орталығында штабтың жұмысы ұйымдастырылды, оның жұмысына Азаматтық қорғаудың барлық облыстық қызметтері жұмылдырылды.
Оқу-жаттығудың алдын ала дайындалған сценариі бойынша бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне қала тұрғынынан Әл-Фараби ауданындағы Тоқаев көшесінде орналасқан тұрғын үйлерді су басқандығы туралы хабар келіп түседі.
ОҚО ТЖД жедел кезекшісінің дабылы бойынша оқиға орнына Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің, жедел-құтқару жасағының жеке құрамы, өзара әрекет ету жоспары бойынша Абай ауданының Ішкі істер басқарамасының мамандары, Шымкент қалалық азаматтық қорғау қызметтері, «Медицина апаттар орталығы» Оңтүстік Қазақстан бойынша филиалы, №6506 әскери бөлімі, «Югдорсервис», «ЛТД Тұрмыс» ЖШС шақырылды.
Сондай-ақ «ЛТД Тұрмыс» ЖШС жеке құрамы арнайы инженерлік техникасының көмегімен өту мүмкіндігін арттыру үшін каналдың арнасын тазалау және тереңдету жұмыстарын жүзеге асырды. «Югдорсервис» ЖШС-нің қызметкерлері құм салынған қапшықтарды жеткізуді қамтамасыз етті.
Өрт сөндіру қызметінің техникасы мен жеке құрамы су басуды оқшаулау және жою бойынша іс-қимылдарды пысықтады. Жедел-құтқару жасағы арнайы жабдықтарды қолдана отырып, өзеннің сол жақ жағалауынан зардап шеккен адамдарды эвакуациялады. Жедел жәрдем көрсету бригадасы оларға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Авариялық-құтқару және басқа кезек күттірмейтін жұмыстарға басшылық жасау үшін командалық-штабтық машина тартылды. Осылайша жаттығуға тартылған барлық облыстық қызметтердің күші мен құралдары нақты және үйлесімді іс-әрекеттерімен кез-келген төтенше жағдайларға дайын екендігін көрсете білді.