Еліміздің Бас прокуратурасы бастамасымен қолға алынған жоба алдымен оңтүстік өңірде жүзеге асырылған болатын. Астанадан келген арнайы топ мүшелері екі ай бойы ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар атқарды. Түсініктеме жұмыстары жүргізілді.
Өңірде тұрмыстық зомбылықтан жапа шеккендерге қолдау көрсететін үш орталық ашылды. Прокурорлар елді мекендерді аралап, жиындар өткізді. Халықпен жүздесіп, билікпен келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде облыста осы салаға жауапты жаңа департамент ашылғалы тұр.
Ал, акция соңы Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала концертке ұласты. Онда өнер жұлдыздары тұрмыста қиындық көрген жандардың көңілін көтеріп, оларды жұбатпаққа ұмтылды. Роза Рымбаева, Сәкен Майғазиев, Алтынай Жорабаева және тағы басқа да танымал әншілер патриоттық әндер шырқап, көптің көңілін шалқытты. Рухани құндылықтарды өлеңмен жүректерге жеткізді. Акция аясында жұртшылықты ізгілікке шақырды.