Басқарма басшысының сөзінше, өңір тұрғындары жылына 1 млн тонна көмір тұтынады. Оның 750 мың тоннасын тұрғындар пайдаланса, 250 мың тоннасы жылыжайларға жұмсалады. Жалпы, өңірге күніне орташа 2,5 мың тонна шамасында көмір келеді. Қатты отын негізінен Қарағанды облысының «Шұбаркөл» және Павлодар облысының «Майкөбе» кендерінен тасымалданады. Мәселен, Түркістан қаласының жылу маусымына тұрмыстық-шаруашылыққа қажетті көмір отынының керекті көлемі 90 мың тоннаны құраса, оның бүгінге қамтамасыз етілгені 85 мың тонна екен.
«Бүгінгі таңға, Түркістан қаласындағы көмір базаларындағы отынның қоры 1,4 мың тоннаны құрайды. Қосымша қалаға күнделікті көмір тасымалдануда. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Қазақстан темір жолы» кәсіпорнымен бірлесіп көмір тасымалдау барысына күнделікті мониторинг жүргізуде», - деді Марғұлан Марайым.