Статистикалық зерттеулерге сүйенсек, елімізде соңғы 10 жылда жетекшілік орындарда отырған әйелдердің қатары екі есеге өскен. Әсіресе, аудан әкімдері орынбасарларының дәрежесінде нәзікжандылар басым. Бірақ, бұл мәліметтер Қазақстанның cолтүстік аймақтары мен шығыс бөлігіне ғана тән. Қыз-келіншектердің басшылық қызметке араласуынан Оңтүстік Қазақстан облысы көш соңында. Сондықтан оңтүстіктің іскер әйелдеріне қолдау қажет. Жаңадан орталықты ашқан мамандардың сөзінше енді нәзік жандыларға жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Олардың қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру да жоспарда бар. Дегенмен сала мамандары аудандағы әйелдердің көшбасшылық қабілеті артатынына сенімді.
«Қоғам мен мемлекет ісіне келгенде қыз-келіншектер қауымының белсенділігі мол. Жауапкершілігі де жоғары. Мемлекеттік қызметте де әйелдердің үлес салмағы артып отыр. Ал, соңғы уақытта олар қоғамдық жұмысқа да жиі араласып жүр. Біз сондай қыз-келіншектердің тізімін жасап, орталыққа шақыратын боламыз. Арнайы семинар-кеңестер ұйымдастырып, көшбасшылық қабілеттерін арттыруға ықпал етеміз», - дейді Сайрам аудандық көшбасшы әйелдер орталығының мүшесі Раушан Қыдырбаева.