ОҚО-да қуыршақ театрларының фестивалі өтіп жатыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Ортеке» V халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі өтуде. «Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы мен «ЭКСПО 2017» Халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған шараға түркі елдерінің қуыршақ театрлары қатысып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.



Ұйымдастырушылардың сөзінше «Ортеке» халықаралық фестивалі кәсіби қуыршақ өнерін көпшілікке таныту мен аймақаралық ынтымақтастық, кәсіби қуыршақ өнері саласындағы халықаралық мәдени байланысты нығайту үшін өткізілуде. Сондай-ақ дарынды әртістер мен режиссерлерді анықтап, оларды ынталандыру, қуыршақ өнері актерлерінің кәсіби және орындаушылық шеберлігі деңгейін арттыру, отандық қуыршақ өнерінің дамуына жағдай жасауды көздейді.

Фестиваль аясында Түркістан мен Шымкент қалаларында Қырғыз, Әзірбайжан мемлекеттік қуыршақ театрларының, Түркиялық Адана қалалық муниципалдық театры мен және «Қаракөз» театрларының қойылымдары көрсетіледі. Сонымен қатар көрермендер Ақтөбе облыстық «Алақай» және Маңғыстау облыстық қуыршақ театрларының, Оңтүстік Қазақстан облыстық қуыршақ театры және С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры ұжымдарының орындауында қазақстандық және шетелдік авторлардың туындыларын тамашалай алады.

Ал, барлық спектакль көрсетілімдерінің құрамына режиссер, Астана қаласы Қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратова, UNİMA Халықаралық қуыршақ театрлары одағының Түркиядағы мүшесі, сыншы, қуыршақ театрларын зерттеуші-жазушы Озхан Мевлут, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Орынбор облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Вадим Смирнов, Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы, ҚР еңбек сіңірген артисі Сабила Абуева, Молдовадағы Гагауыз ұлттық театрының директоры Михаил Константинов төрелік етуде.