ОҚО-да «Қымызмұрындық» этнофестивалі өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Қымызмұрындық» этнофестивалін өткізді. Түлкібас ауданында ұйымдастырылған шара аясында қатысушылар салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фестиваль барысында киіз үйлер тігіліп, дастархан мәзіріне қымыздың бірнеше түрі қойылды. Бабымен қымыз әзірленді. Жанкүйерлер де қарап қалған жоқ. Ұлттық ойындардан сайысқа түсіп, әншілер ауылдың алты ауызын айтты.

«Бұл - болашағынан үміт күттіретін жастар үшін тәлім-тәрбие. Бабаларымыздан келе жатқан, кейінгі ұрпаққа сіңетін үлкен дүние. Сол үлкен дәстүрімізді, әдет-ғұрыпымызды, салт-санамызды тек қана Оңтүстік өңірі ғана емес әлемдік деңгейде де жақсы танытсақ деген ойымыз бар»,- дейді Облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Жәнібек Тағаев.

Шара барысында жігіттер жағы қымыз ішуден сайысқа түсіп, думанның көркін қыздырды. Олардың арасында оңтүстікке сапарлай келген Алматы облысының тумасы Нұржан Тұрлыбеков 16 кесе қымыз ішіп, жеңімпаз атанды.