Сарыағаш аудандық прокуратурасының мәліметінше, дала қыраны мен ақ құйрықты қыранды дәмхана иесі арнайы тор жасатып, көпшілік келетін жерге іліп қойыпты. Сөйтіп жұртқа керемет құстарды көрсетіп, мақтанып келген. Алайда оның заңсыз әрекеті құзырлы орган өкілдерімен әшкере болды. Тіпті Қызыл кітапқа енген құстарды еркіндіктен айырғаны үшін дәмхана қожайынының үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілді.
Тәртіп сақшыларына жауап беру барысында сарыағаштық құстарды жарақаттанған күйде тауып алғанын, оларды емдетіп қарағанын айтыпты. Кейін қайта жібергісі келгенде құстар өздері ұшпай қойды деп түсіндірген. Алайда өңірдің табиғат қорғау басқармасының арнайы маманы бұл уәждерді жоққа шығарды. Маман сотта «бұл құстардың мекен ету ортасына Сарыағаш ауданының аумағы кірмейтінін және осы ауданға құстар тек заңсыз жолмен жеткізілген» деген қорытынды берген.
Осы қорытындыны негізге ала отырып Сарыағаш аудандық соты дәмхана иесін Қызыл кітапқа енген құстарды заңсыз ұстағаны үшін кінәлі деп тауып, оны бір жылға бас бостандығын шектеді. Сондай-ақ айыпталушыға 450 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Ал ұрланған құстар Шымкент зообағына берілді.