ОҚО-да «Қызым, саған айтам» атты сырласу кеші өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында қыз-келіншектерге арналған «Қызым, саған айтам...» атты сырласу кеші өтті. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында ұйымдастырылған шарада бойжеткендерге халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері, жоралғысы түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сырласу кеші Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы аясында ұйымдастырылды. Басқосуға  жоғары оқу орындарының студенттері мен оқушылары қатысты.

Оларға қалалық емхананың психолог маманы мен әйелдер дәрігері, «Көркем» әжелер тобының мүшесі кеңестер берді. Сондай-ақ дәрігер сарапшы  мен зейнет жасындағы ел аналары қатысып, жас қыздармен сыр сұхбат өткізді.

Кездесуде қазіргі қазақ қызының тәрбиесі мен бойындағы ұлттық құндылықтарды ояту, оларды отбасылық өмірге тәрбиелеу жолдары мен қазақ халқының салт-дәстүріндегі кйбір мәселелері талқыланды. Халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін, жөн-жоралғысы сақталған ұлттық құндылықтарды қыз баланың бойында қалыптастыру жайы сөз болды. Кеш барысында «Сарқылмас қазына» тележобасы аясында түсірілген қыз тәрбиесіне қатысты «Қызды оң босағаға отырғызу», «Қыз жасауы» сынды бейнероликтер көрсетілді.