Бір ғана Мақтаарал ауданында орын алған 172 мал ұрлығының тек 23-і ғана әшкере болыпты. Мырзакент кентінде 64 мал ұрлығының 3-уі ғана ашылса, биылғы 9 мал ұрлығының бірде-біреуі бойынша кінәлілер ұсталмапты. Мұндай жағдай барлық аудандарда орын алып отыр дейді прокурорлар. Есесіне ұрылардан тыным болмай тұр екен.
«Былтырғы жылы, 176 учаскелік полиция инспекторының бекітілген әкімшілік аймақта тұрмайтыны, аудан орталығы немесе басқа елді-мекендерден қатынап жұмыс істейтіні анықталды. Мәселен, Сарыағаш ауданының тұрғыны О. ұрланған 21 бас жылқысының бесеуін өзі іздеп жүріп, Сайрам ауданынан тапқан. Ал, аудандық ішкі істер басқармасы істі созбалаңға салып, тиісті тұлғалардан жауап алмаған. Түркістан қаласы прокурорымен ірі көлемде мал ұрлығы жиі орын алатын Ораңғай, Бабайқорған ауылдық округтерінде, ұрлық болған жерді квадрокоптер арқылы бейнетүсіру жүргізумен қарау барысында, 7-10 шақырым айналасында ұрланған малды автокөлікке артуға бейімдеп, арнайы қазылған орындар анықталған»,-дейді Қожахметов.
Прокурордың айтуынша, ұрылар жылқыны үйірімен, ұсақ малды табынымен айдап кетуден қаймықпайды. Өйткені, сатамын десе де, соямын десе де дайын тұрған делдал да бар, сойып-сататын орын да жеткілікті. Яғни, ешкім ол малдың иесін де, құжатын да сұрап жатқан жоқ. Ал, ұрыны ұстауға, жоғалғанды табуға полицияның қауқары жеткіліксіз.
«Сондықтан, облыстық Ішкі істер департаментіне мал ұрлығы қылмысы бойынша арнайы жедел-тергеу тобын құруды, ұрлық жайылымдық жерде болған жағдайда оқиға орынын квадрокоптер құрылғысын пайдаланып қарап бейнетүсірілімді іс құжаттарына тіркеуді, әр ауылдық округтер учаскелік инспекторларына өзіне бекітілген аймақтағы мал саны, жайылым жерлер, ауылдан шығатын-кіретін жолдардың сызбасын, ұрлық орын алатын жерлерде үнемі рейд жүргізу ұсынылды»,- дейді облыс прокурорының орынбасары.
Айта кетейік, жылдар бойы қордаланып қалған бұл кеселдің етек алып бара жатқанын ескере отырып, прокурорлар Жергілікті полиция қызметі, ішкі істер және басқа да құзырлы органдармен бірлесіп, «Мал ұрлығына нәтижелі тосқауыл» жобасын жүзеге асырып жатыр.