ОҚО-да машина екі баланы қағып кетті - ТЖМ

АСТАНА. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 24 жастағы жеңіл көлік жүргізушісі екі баланы қағып кетті,

деп хабарлады ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметінен.

Мәселен, бейсенбі, қаңтардың 28-і күні сағат 13.30-да Сайрам ауданы Мартөбе ауылының ішкі жолында «Мазда» автокөлігі 7 және 8 жасар екі баланы қағып кетті. Алған жарақаттардан бір бала оқиға орнында жан тәсілім етті, екіншісі ауруханаға жеткізілді.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы күні сондай-ақ Алматы облысы Талғар қаласындағы көшелердің бірінде «Лексус» автокөлігін мінген 22 жастағы азамат ағашқа соғылып, салдарынан өзі және екі жолаушысы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.

Ал Жамбыл облысының Жамбыл ауданы «Алматы-Ташкент» автожолының 545-ші шақырымында екі «Мерседес» көлігі тұмсық түйістірген, жол-көлік оқиғасында 53 жастағы жолаушы мерт болып, жүргізушілердің бірі мен тұлғасы анықталмаған тағы бір жолсерік ауруханаға түсті.