ОҚО-да мектеп бітірушілердің 71 пайызы ҰБТ тапсырады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында биыл 23 760 оқушы Ұлттық бірыңғай тест тапсырады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Ерғашова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Ерғашованың айтуынша, ҰБТ облыста 16 жерде өткізіледі,

ҰБТ тапсыратын орындардың төртеуі жоғары оқу орындарының базасында, үшеуі аудан орталықтарындағы колледждерде болмақ. Ал, тоғызы жалпы орта мектептердің базасында орналасқан. Әрбір ҰБТ өткізу пункттерінде 11-ден 14-ке дейін аудиториялар даярланып, олар ұялы телефон сигналдарын тұншықтырғыш 237 құрылғымен жабдықталып отыр.

«Биылғы жылы министрліктің тапсырмасына сәйкес 91 жаңа үлгідегі 4G жиіліктегі тұншықтырғыштарды алуға жергілікті бюджеттен қаржы қаралып, сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар тестілеу пунктерінде 26 рамалы металл іздегіштер, 226 салқындатқыш, тестілеу кезінде бейнежазба жүргізу мақсатында 42 бейне тіркегіш орналастырылды», - деді спикер.

Қазіргі таңда өңірде 33 112 мектеп бітірушінің 71,8 пайызы ҰБТ тапсырады деп күтілуде. Оған өтініш қабылдау 10-наурыздан 10-мамырға дейін жүргізіледі.

ҰБТ тапсыруға ниет білдірген мектеп бітірушілері оның жаңа форматына дайындалу мақсатында алдын-ала байқау тестеріне қатыстырылуда. Наурыз айында алынған байқау тестері бойынша орташа бал - 75,2-ні құрап отыр.

Сондай-ақ басқарма басшысының міндетін атқарушы ҰБТ тапсыратын 23760 бітірушінің 13585-і тасымалдауды, 12443-і тамақтануды, 1825 оқушы жатын орынды қажет ететініне тоқталды. Бүгінгі таңда жергілікті бюджеттен мектеп бітіруші түректерді тестілеу үшін қажетті қаражат бөлініп, ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде екен.

Айта кетейік, биылғы жылы облыста 1429 түлек «Алтын белгі» белгісіне, 852 бітіруші үздік аттестатқа, 9-сыныпты бітірушілердің 3568-і үздік куәліктен үмітті.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы «Алтын белгі» иегерлері мектептердегі мемлекеттік бітіру емтихандарының қорытындысымен мектеп директорының бұйрығымен бекітілетін болады.