ОҚО-да мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада басталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесіне және мемлекеттік қызмет істері органдарының 20 жылдығы мерейтойы қарсаңында спартакиада басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спорттық шараға барлығы 84 мемлекеттік органның 1200-ге жуық әкімшілік қызметшілері мен құқық қорғау қызметінің өкілдері қатысуда. Олар барлығы 15 команданы құрады. Сайыста қатысушылар спорттың 6 түрі бойынша бақтарын сынайды.

Мемлекеттік қызметшілер алдымен, волейбол, футбол ойнайды. Сосын гір тасын көтеріп, арқан тартады. Шапшаңдықтарын үстел теннисі мен суда жүзу спортынан байқатады.

Жарыстың ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Мемлекеттік қызмет - әрбір мемлекеттің қалыптасуы мен дамуының басты негізі екенін ескерсек, Елбасымыз кәсіби мемлекеттік аппарат құруды көздеген Ұлт жоспарын енгізгелі 3 жылға жуық уақыт өтті. Қазіргі таңда облысымызда мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызға жуығының мемлекеттік қызметтегі өтілдері 10 жылдан асады. Мемлекеттік қызметті жауапкершілікпен атқарып жүрген Сіздерге спортта да жарқын жеңістер тілеймін!»,- деді департамент басшысы Әли Амантайұлы.

Ақтық сайыстар ертең 29-шы сәуір күні өтеді. Осы күні жарыс жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен арнайы кубок табыс етілмек.