ОҚО-да мемлекеттік қызметтегі бос орындар жәрмеңкесі өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметтегі бос орындар жәрмеңкесі өтті. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ұйытқы болуымен өткен шарада 393 бос орын ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.


Бүгінде 3 млн-ға жуық тұрғыны бар оңтүстік өңірінде 8700 мемлекеттік қызметкер бар. Бос жұмыс орындарына арналған жәрмеңке кадр құрамын толықтыруға үлкен мүмкіндік болмақ. Жәрмеңкеге облыстағы 23 жергілікті және 18 аумақтық мекемелердің өкілдері қатысты. Жастарға өздеріндегі жұмыс орындары туралы мағлұмат беріп, қойылатын талаптарды түсіндірді.

«Жастар осында келу арқылы қай мекемеде қандай бос лауазым бар, сонымен танысып алуларына мүмкіндік бар. Ал егерде ол лауазымға қол жеткізгісі келсе, арнайы конкурсқа қатысу керек. Бүгін бүкіл вакансияны біз ашып беріп отырмыз»,- деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев.



Айта кетейік, өңірде мемлекеттік қызметке орналасушылар саны күн санап артып келеді. Ал, қызметтен өз бетімен шыққандар саны соңғы 2 жылда 4 есе азайыпты.