ОҚО-да «Men Qazaqpyn» жобасының үздіктері анықталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстікте «Men Qazaqpyn» мега-жобасының облыстық іріктеу кезеңі аяқталды. Дүбірлі додада әр ауданнан үздік шыққан 73 өнерпаз қатысып, терме, күй, дәстүрлі ән жанры бойынша өнерлерін ортаға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

17-29 мамыр күндері қала-аудандарда өткен жобада қазылар алқасы өнерпаздардың кәсібилігіне, біліктілігіне, жүріс-тұрысы мен киім үлгісіне мән берді. Байқау қорытындысы бойынша оңтүстіктен үздік деп үш өнерпаз іріктеліп, халықаралық мега-жобада өңірдің намысын қорғайтын болды. Олардың қатарында дәстүрлі ән өнері бойынша созақтық Оразәлі Жаңабаев, терме жанры бойынша отырарлық Руслан Ақымбеков, күй жанры бойынша мақтаралдық Шыңғыс Исаев өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленді. Облыстан іріктеліп шыққан үш өнерпаз алдағы уақытта «Qazaqstan» телеарнасындағы «Men Qazaqpyn» жобасына қатысады деп күтілуде.

Республикалық айналымда жеңіске жеткен жеңімпаздар «Жылдың ең үздік дәстүрлі әншісі», «Жылдың ең үздік термешісі» және «Жылдың ең үздік күйшісі» аталымдары бойынша марапатталатын болады.