Іс -шара барысында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев байқау жеңімпаздарын құттықтап, оларға сыйлықтар тапсырды. Осылайша, «Менің Қазақстаным» байқауының гран-при жүлдесін қызылордалық Лаура Сағынтай жеңіп алды. Бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының атынан өнер көрсеткен Диана Хашижанова алды. Екінші орынды астаналық Еркебұлан Тұрмағамбетов пен алматылық Тілекбай Нағымбаев бөліп алса, үшінші орынға Астана қаласынан келген Жалғас Сұлтанов пен Қарағандыдан келген Лаура Айтбаева қол жеткізді.
Бұған қоса, салтанатты марапаттау рәсімінде Қытай Халық Республикасынан келген Асылхан Дәстүр облыс әкімінің арнайы сыйлығына ие болды. Ал, қырғызстандық Биназир Аблаеваға арнайы диплом табыс етілді.
Айта кетейік, 5-қазан күні Ш.Қалдаяқов атындағы VII халықаралық ән байқауы басталды. Оған елімізбен қатар Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей, Қытай сияқты мемлекеттерден
60-қа жуық үміткер қатысты.
Байқау - қазақтың ән өнерін дамытып, әйгілі Қазақ вальсінің королі - Шамші Қалдаяқовтың мұрасын насихаттауға бағытталған.