Жергілікті еңбек инспекторлары мен түрлі сала қызметкерлерінің басын қосқан жиында еңбек қатынасы барысындағы келіспеушіліктер ашық айтылып, көпшілік талқысына түсті.
Сала мамандарының мәліметінше, еңбек инспекциясына түскен өтініштердің ішінде 47 өтініш түрлі сала бойынша түссе, оның 19-ы білім саласына қатысты болып отыр. Тағы 29 өтініш жалақыға қатысы бар екені анықталған. Еңбек дауларына қатысты түскен 60 арыз-өтініштің 48-і осы бюджеттік мекемелерге тиесілі екені айтылды.
«Еңбек инспекциясына арызданушылар алдымен сол мектептің не болмаса балабақшаның басшысына барып мәселесін көтереді. Алайда ол мекеменің басшысы мәселеге немқұрайлы қарағандықтан аудандық білім бөліміне келеді. Ол жерде де жаңағы мәселеге немқұрайлы қарап, түсіндірме жұмыстары жүргізілмегендіктен біздің облыстық еңбек инспекциясына келеді», - дейді басқарма басшысы Алмасбек Мамытбеков.
Жыл басынан бері инспекция қызметкерлері Түркістан қаласы бойынша 51 тексеру шарасын жүргізіпті. Оның ішінде 27-сі тұрғындардың арыз-шағымы бойынша тағайындалған. Инспекторлардың айтуынша, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мен бос жұмыс орындарына шақыру ісінде де шикілік көп. Бұл бағытта 16 заңбұзушылық анықталып, олар бойынша тиісті шаралар көрілген.