ОҚО-да мүгедек баланы зорлаған жасөспірім 11 жылға сотталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік  Қазақстан облысында мүгедек баланы зорлаған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 17 жастағы айыпталушыны 11 жылға соттады, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған соттың үйлестіруші-судьясы Әбинұр Қарабаевтың айтуынша, қылмыстық оқиға өткен жылдың 17 қазаны күні болған. 2001 жылы туған сотталушы сол күні үйіне ішімдік ішіп, мас болып келген. Тіпті жоғары қабаттағы пәтеріне де көтеріле алмаған. Сол кезде 14 жастағы жәбірленуші жеткіншек оған көмектесіп, үйіне кіргізіп жіберген. Осыны пайдаланған жасөспірім мүгедек баланы пышақпен қорқытып, зорлаған. Ертесіне жәбірленуші болған оқиғаны ата-анасына айтқан.

Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындамағанымен, сот-медициналық сараптама қортындысымен баланың зорланғаны дәлелденді. Енді 17 жастағы жасөспірім 11 жыл 3 ай мерзімін қатаң тәртіптегі түрмеде өткізетін болды.

Бұл үкімді облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы күшінде қалдырды.