ОҚО-да оқушылар арасында туристік жарыс өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Облыстық жас туристер стансасы» мекемесінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы дала ұландары» ашық облыстық туристік жарыс өтті.

Төлеби ауданы Біркөлік шатқалында орналасқан «Тау барысы» туристік лагерінде өткізілген шараға Кентау, Түркістан, Арыс, Сайрам, Төле би, Түлкібас, Созақ, Мақтарал, Шардара, Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш, Бәйдібек және Арыс қалалық, аудандық жас туристер стансаларынан 17 топ, Сарыағаш ауданындағы «Самал», Түркістандағы «Хамза» мектептерінен 4 топ және Шымкент қаласы мектептерінен 18 топ, жалпы саны 252 оқушы, 73 жетекші қатысты.

Қатысушылар 5 күн бойы далалық жағдайда шатырда түнеп, асты далада жағылған отқа пісірді. Сонымен бірге, іс-шара кезінде оқушылар «Бағытты көзбен анықтау», «Жартасқа өрмелеу», «Қорытынды туристік бағыт», «Капитандар», «Эмблема», «Әндер» сайыстарына қатысты.

Осылайша, қалалық, аудандық жас туристер стансасы топтары арасынан жарыстың жалпытоптық қорытындысы бойынша І орынды Сайрам аудандық жас туристер стансасы жеңіп алса, ІІ орын Түркістан қалалық жас туристер стансасына берілді. Ал жүлделі ІІІ орынға Отырар аудандық жас туристер стансасы лайықты деп танылды.

Қала мектептері топтары арасынан жарыстың жалпытоптық қорытындысы бойынша І орынға Шымкенттегі №55 мектеп ие болса, ІІ орын №27 мектепке бұйырды. Ал ІІІ орынға №28 мектеп лайықты деп танылды.