ОҚО-да оқушылар төбелесіп, 17 жастағы жасөпірім қаза болды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында оқушылар жаппай төбелесіп, бір-бірімен атысқан. Соның салдарынан 17 жастағы жасөпірім бақилық болды. Бұл туралы Сайрам аудандық сотында өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Сайрам аудандық сотының берген мәлметінше, қайғылы оқиға екі ай бұрын болған. Сайрам ауданындағы Құтарыс пен Оймауыт ауылдарының жасөспірімдері әлеуметтік желілерде сөзге келіп, оны шешу үшін кездесуге келіседі. Белгіленген күні әрқайсысы 20 баладан тұратын топ айтылған жерге келеді. Сол кезде 17 жастағы бала аңшы мылтығынан екінші тарапқа оқ атқан. Соның салдарынан екі жасөспірім жарақат алған. Осыдан кейін зәресі қалмағандар оқиға орнынан қашып кеткен. Оқ тиіп, жарақат алғандар ауруханаға жеткізілді. Біреуінің жарақаты жеңіл болса, екіншісі тіл тартпай кетті. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, 17 жастағы жасөспірім басты күдікті ретінде қамауға алынған.

«Күдіктіге денеге ауыр жарақат салып, кісі өлтіру әрекеті бойынша айып тағылды. Қасында болған өзге жасөспірімдер де «бұзақылық» бабымен айыпталуда. Сот санкция тағайындады. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде»,-дейді Сайрам аудандық сотының тергеу жөніндегі судьясы Салтанат Қабылова.