ОҚО-да Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай халықаралық конференция өтуде
Пленарлық мәжіліске «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы мен еліміздің және Өзбекстан, Қырғызстанның бірқатар университеттерінің профессорлары, белгілі ақын-жазушылар мен журналистер қатысып отыр.
«Елбасымыз «Тарихты танып, зерделеу керек, тарихты таразылау қажет, сонда тағдырыңды, бүгінгі тұрпатыңды танисың, келешегіңді бағдарлайсың, алдағы жүрер жолыңның сілемін табасың» деген болатын. Тарихта ерекше із қалдырған қазақ халқы үшін азаттық жолында Ұлы жеңістердің бірі және бірегейі - Орбұлақ шайқасы. Бұл - ұлттық тарихтың жауынгерлік даңқ шежіресінде ерлік пен қаһармандықтың және отаншылдықтың өнегесі болып айшықталып қалды. Бүгінгі ғылыми жиын Орбұлақ шайқасындағы Ұлы жеңіске 375 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр», - деді Жансейіт Қансейітұлы.
Ғылыми-теориялық конференцияда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов «Орбұлақ шайқасының әлемдік тарихи маңызы» атты баяндама жасады. Сондай-ақ, Республикалық «Ардагерлер ұйымы» төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев «Орбұлақ шайқасындағы Ұлы жеңіс және рухани жаңғыру тарихи сабақтастығы» туралы айтып өтті.