Үш ай көлемінде жүргізілген тексеру шаралары барысында төтенше жағдайлар қызметкерлері 1750 мекемеде болған. Оның ішіндегі 1663 нысанда 8611 дерек бойынша кемшіліктер анықталған. Атап айтқанда, өрт сөндіргіш құралдары мен дабыл қаққыш жүйесі, арнайы сатылар табылмапты. Қарапайым ережелерді сақтамаған мекеме басшыларына 44 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
«Кемшіліктердің көпшілігі Шардара мен Сарыағаш аудандарындағы мектептерде тіркелген. Мәселен, Сарыағаш ауданындағы 108 мектептің 93-інде өрт сөндіргіш құралдар жоқ болып шықты. Біз кемшіліктерді тез арада жою туралы ескертулер бердік. Егер бұл кемшіліктер дер кезінде ретке келтірілмесе бұл мекемелерді жабу туралы сотқа талап арыз түсіреміз»,-деді білім мекемелерінің басын қосқан жиында ОҚО ТЖД басқарма бастығының орынбасары Бауыржан Ізбасаров.
Ал, білім саласының басшылары болса мұндай құралдарды алуға бюджеттен қаражаттардың кештеу бөлінетіндігімен түсіндіреді. Қалай болғанда да ұстаздар мен төтенше жағдайлар қызметкерлері мәселені бірлесіп шешуге уағдаласты.