ОҚО-да өзенге батып кеткен 3 жасар сәби табылмай жатыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Келес өзеніне батып кеткен 3 жасар бүлдіршін бүлдіршін іздестіріліп жатыр. Екі күннен бері іздеу шараларын жүргізіп жатқан құтқарушылар лайланып кеткен өзен суы қиындық туғызып отырғанын айтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Белгілі болғандай, қайғылы оқиға Сарыағаш ауданына қарасты Жамбыл ауылында болған. 2014 жылғы балақай өзен жағасында ойнап жүріп, суға батып кетіпті. Онсыз да өзен суы арнасынан асып тұрғандықтан тұрғындарға өздігінше іздеу қиынға соғады. Кейін олар құтқарушыларды шақыртқан. Оқиға орнына өңірдің жедел-құтқару жасағының 5 қызметкері жетті. Олар ағысы қатты әрі су лайланып кеткен өзенде іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.

Алайда тереңдігі 5-6 метр әрі арнасы 30-40 метр болатын өзеннен бүлдіршінді табу қиынға соғуда. Құтқарушыларға ауданның төтенше жағдай қызметкерлері мен баланың туыстары да көмектесуде. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Судан құтқарушылар қазір сондай-ақ Отырар ауданында суға батқан 25 жастағы тұрғынды да іздестіруде. Арыс өзеніне батып кеткен жігіттің денесі табылмай отыр.

Айта кетейік, биыл жыл басынан бері өңірде 7 адам суға кетіп, ажал құшты. Оның алтауы кәмелет жасына толмаған балалар.