ОҚО-да полицейлер бастарын қатерге тігіп, қарулы қылмыскерді ұстады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -  Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері бастарын қатерге тіге отырып, қылмыстық жазадан қашып жүрген қаруланған қылмыскерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кентау полиция бөліміне соңғы үш жыл қатарынан жергілікті тұрғындардан түскен арыздар тиылмаған. Онда арызданушылар үйлерінен алтын бұйымдары мен бағалы заттары жиі ұрланатынын айтыпты. Ал жеке үйлерден малдарын ұрлану жағдайы жиілеген. Осыдан кейін нақты шараларға көшкен тәртіп сақшылары іздестіру жұмыстарын жүргізіп, осы қылмыстарға қатысы бар деген 8 күдіктіні қолға түсірді.  Ұсталғандардың тұлғаларын анықтау барысында 1993, 1994, 1995, 1996  жылы туған жергілікті жердің тұрғындары екені белгілі болды. Ал, ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы Елемес Сәбит сол кезде қашып кеткен болатын. Жедел ізкесушілер күдіктілерден ұрланған заттардың бір бөлігін тәркілеп алды.  Тергеу барысында олардың пәтер ұрлығының 24 жайтына қатыстылығы анықталды.  Бұл қылмыстық топтың жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі  миллион теңгеге жуық болып отыр. Маусым айында Елеместің қылмыстық тобының барлық мүшелері әртүрлі жазаға тартылды. Ал Елеместің өзіне Кентау ҚІІБ-нің қызметкерлері іздеу жариялады. 

Арада төрт ай өткен соң жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ҚІІБ Криминалды полиция қызметкерлері іздеуде жүрген Елеместің қазіргі жүрген жерін анықтады.  Осыдан кейін Алматы қаласына қылмыскерді ұстап әкелу үшін криминалды полицияның жедел ізкесушілері Самат Бухарбаев пен Ернар Анарбаев жіберілді.  Алып шаһарда түнгі 23.00 шамасында  іздеуде жүрген Елеместі ұстау операциясы жүргізіледі. Алайда қылмыстық топтың жетекшісі полицейлерге белсенді түрде қарсылық көрсетіп, тәртіп сақшыларына екі рет  травматикалық қарудан оқ атқан. 27 жастағы полиция капитаны Анарбаев алған жарақатына қарамастан, қылмыскердің қолына кісен салып, көмекке келген «Боран» экипажына тапсырған.

Қазіргі таңда іздеуде жүрген Сәбит Елемес Алматы қ. ІІД уақытша ұстау оқшаулағышында қамауда отыр. Оның үстінен Әуезов аудандық полиция бөлімімен Қылмыстық кодекстің 287 «Заңсыз қаруды иемдену, сақтау және тасымалдау», 293 «Бұзақылық », 380 «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» баптары бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.