«Мал ұрлығына тосқауыл» жобасы аясында жүргізілген шара барысында өңірдегі ең үлкен мал базарлары тексеріліп, төрт түлік тиелген көліктер бақылаудан өткізілді.
Мал ұрлығына тосқауыл болуға өзге де құзырлы орган қызметкерлері тартылды. Рейд барысында мал базарларына бет алған көліктер тоқтатылып, құжаттары тексерілді. Тиелген малдардың кімге тиесілі екені анықталды. Арнайы ветеринариялық құжаттарын көрсете алмаған азаматтардың көліктері арнайы оқшаулау орнына әкетілді.
«Қарабұлақ ауылындағы мал базарға әкеле жатқан 16 сиыр мен жылқы, 75 қой және 13 ешкінің мал дәрігерлік анықтамалары, өзге де құжаттары болмады. Малдары сырғаланбаған. Мұның бәрі заңсыз әрекеттер», - дейді облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы Бекзат Тасболов.
Айта кетейік, мал ұрлығына тосқауыл жобасын қолға алған прокурорлар мұндай рейдтік шараларды өткен жылдан бері жүргізуде. Осылайша қолды болған төрттүліктерді анықтап, өз иелеріне қайтарып жатыр.