ОҚО-да сабақтан себепсіз қалған оқушыларға айыппұл салынады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында сабақтан себепсіз қалған оқшыларға айыппұл салынып жатыр. Бұл туралы өңірдің кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Серiкбай Төлепбергенов мәлімдеді. Сот төрағасының сөзінше, оқу жылы аяқталып қалды деп сабақтан себепсiз қалған оқушылардың мәселесiн қарау ендi басталыпты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Өңірде балалардың мектепке бармауына байланысты келiп түскен арыз-шағымдар көбейіп отыр екен. Ал, заң бойынша мұндай балалардан тиісті айыппұлдар өндіру қарастырылған. Сондықтан кiнәлi тараптан айыппұл өндiру iсi жаз айларында да, яғни бала демалыста жүргенде де жалғасатын болады.

«ҚР Әкiмшiлiк құқықбұзушылықтар туралы кодекстiң 127-бабында «Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу мен оқыту жөнiндегi мiндеттердi орындамауы - жетi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» деп көрсетiлген. Яғни, мектеп оқушылары сабақтан себепсiз қалатын болса, олардың ата-аналары мен заңды өкiлдерiне 15 883 теңге көлемiнде айыппұл салынады. Ал, сабаққа бармай қалу бiр жыл iшiнде екi рет қайталанатын болса, онда айыппұлдың көлемi 45 380 теңгеге дейiн жоғарылайды»,-дейді сот төрағасы.



Серiкбай Төлепбергеновтың айтуынша, сабақтан себепсiз қалатын оқушылар туралы ақпаратты бiрiншi мектеп директорының тәрбие iсi жөнiндегi орынбасарлары мен инспекторлары жинақтайды. Соның негiзiнде хаттама толтырылып, арыз-шағым жазылады. Ол Оңтүстiк Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотына жолданады. ҚР Әкiмшiлiк және құқықбұзушылық туралы кодекстiң 127-бабы бойынша құқықбұзушылықтар дәлелденген жағдайда, сот мектепке бармаған балалардың ата-аналары мен заңды өкiлдерiне айыппұл салады.



«Өткен жылы мектептерде сабақтан «қашу» бойынша 324 iс тiркелсе, соның 20-сы екiншi рет қайталанған. Биыл тағы осы тектес 248 iс тiркелiп, 178-i қаралды»,- дейді Серiкбай Төлепбергенов.

Бүгінде осы сынды құқықбұзушылық әрекеттердiң басым бөлiгi Шымкент қаласында орын алып отыр екен. Тексеру барысында анықталғаны, мектепке барғысы келмейтiн оқушылар негізінен жайсыз отбасыларда, ішімдікке салынған ата-аналардың балалары болып шыққан. Сол себептi мектеп инспекторлары облыстың халық тығыз орналасқан аудан, қалаларында түсiндiру жұмыстарын жүргiзе бастаған.