ОҚО-да шалғайда жатқан ауыл басқа ауданға ауыстыруды сұрап отыр

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында бүтін бір ауыл билік орындарынан басқа ауданға ауыстыруын сұрап отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА  тілшісі.

Сарыағаш ауданына қарасты Қалғансыр ауылы аудан орталығынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан. Кезінде Өзбекстанға 50 жылға жалға берілген ауыл 1993 жылы Қазақстанға түпкілікті қайтарылған. Содан бері мыңға жуық тұрғыны бар елді мекеннің әлеуметтік жағдайы  күрт нашарлап кеткен. Шалғай  жерде сапалы ауыз су, электр жарығы мен жол мәселесі шешімін таппаған. Ал, хат-хабар мен басылымдар жылдар бойы жеткізілмей келеді. Мұндағы жұрт тіршілік нәрін Сырдария өзенінен тасып,  құдыққа құйып ішеді. Лас суды ішкендіктен, балалар арасында бүйрек ауруы жиілеп кеткен. Шамасы келгендер іргедегі Шардара ауданынан таза суды алдыртып, пайдаланатын көрінеді.

 

«Біз 17 шақырым қашықтықтағы Шардара ауданына қарасақ, халқымызға жол да болар еді, су да болар еді, газет-жорнал алуға болар еді, ауылымыз алыс болғандықтан бізге Қазпошта газет жорнал тасып бермейді», - деп ашынады ауыл тұрғыны Ынтықбай Сахов.

Жергілікті халықтың сөзінше оларға 150 шақырым жердегі Сарыағаш емес, 17 шақырым қашықтықтағы Шардара ауданына  қатынағандары ыңғайлы. Ауылдың үлкендері осы мәселені айтып әкімдікке барғанда, Сарыағаш ауданы әкімінің әкімшілік шекарасын өзгерту туралы қаулысы мен шешімі шыққан. Бірақ, сол күйі орындалмай қалыпты.

 

«Қалғансырдың мәселесінен хабардармыз. Халықтың ұсынысы әбден зерделенген. 2014 жылы ауылды жалпы пайдаланудағы 1114 гектар жерімен Шардара ауданына өткізу жайлы шешім-қаулы шығып, қабылданған. Қаулы облыс әкімдігіне, облыстық мәслихаттың хатшылығына ұсынылған. Қазіргі таңда, тиісті жұмыстар атқырылып жатыр», -дейді Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Құдірет Қыстаубаев. 

 

Айнұр Ақбаева