Басқосуға Алматы қаласындағы «Педиатрия және балалар хирургия орталығы» мен үкіметтік емес ұйымдар, «HELP TODAY қоғамдық қоры», «Муковисцидозбен ауыратын мүгедек балалар» қоғамдық бірлестігі және «Асыл бала» қоғамдық қорымен бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Жиынның барысында сирек кездесетін (орфанды) аурулармен ауыратын балаларға медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту және оңалту мәселелері сөз болды.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында қазіргі таңда 146 бала муковисцидоз, мукополисахаридоз, Гоше ауруы, Драве синдромы, гемофилия, буллезді эпидермолиз, жетілмеген остеогенез және жасөспірімдер артриті секілді ауру түрлерімен ауырады. Мұндай науқастар БМСК ұйымдарында, сондай-ақ Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бейінді штаттан тыс бас мамандарының диспансерлік есебінде тұрады.
Сондай-ақ оларға арналған ауруханалар мен облыстық оңалту орталықтарында тұрақты түрде емделеді. Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінетін керекті дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етіледі. Жыл сайын аталған балалар республикалық деңгейде Алматы қаласындағы педиатрия және балалар хирургия орталығы мен Астана қаласындағы «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында» ем қабылдайды. Диагностикалық тексерулерден өтеді. Ұсыныстар негізінде аймақтық деңгейде ем жүргізіліп, қажет болған жағдайда республикалық және жергілікті бюджетке дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету өтінімі жолданады.