Оқиға Ордабасы ауданына қарасты Бірлік ауылында болған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, төбелес елді мекен орталығында Наурыз мерекесі тойланып жатқанда орын алған. Көрші Жамбыл ауылының жігіттері үш көлікпен келіп, қатарластарына қоқан-лоқы көрсеткен. Ерегістің соңы төбелеске ұласып, пышақтасуға дейін барған. Анықталғандай, жастардың барлығы колледж студенттері.
Күдіктілердің бірі алтыбақан теуіп тұрған Жүзжан Нұрәлі есімді жігіттің бір бүйіріне пышақ сұғып, қашып кеткен. Қазір пышақ жарақатынан зардап шеккен екі студент Темірлан ауылындағы ауруханада ем қабылдауда. Оларға ота жасалып, бірінің көкбауырын алып тастаған. Дәрігерлер қазір екеуінің жағдайы қалыпты екенін айтуда.
Ал өңірдің Ішкі істер департаменті бұл оқиға бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын растады. Ресми деректер бойынша осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бір жасөспірім қамауға алынған. "Тергеуге қатысты қалған ақпараттар қосымша хабарланады", - дейді полицейлер.