ОҚО-да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бірыңғай сағаты өтті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі - Жолдаудың басым бағыты» атты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бірыңғай сағаты өтті. Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы мұрындық болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған шарада қос мекеменің қызметкерлері Елбасы қойған міндеттерді жүзеге асыру мәселесін талқылады. Әсіресе, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, бірге жұмыс жүргізу жолдары айтылды.

«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының тоғызыншы бағытында жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығы айтылды. Осыған орай қос мекеме бірлесе ынтымақтастықты кеңейте отырып біріңғай сағат өткізуді ұйғардық», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Əли Көмекбаев.

Айта кетейік, аталған шара облыстың барлық мемлекеттік органдары мен мекемелерінде, құқық қорғау органдарында, қала, аудан әкімі аппараттарында, ҮЕҰ мен қоғамдық бірлестіктерде, этномәдени және діни, білім беру ұйымдарында өткізілді.