ОҚО-да танысынан 4 млн теңге ұрлаған тұрғын сыбайластарымен ұсталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында танысынан 4 млн теңге ұрлаған тұрғын сыбайластарымен ұсталды. Жүк көлігінің жүргізушісін ақшасын алып кеткен 5 күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі Сарыағаш аудандық прокуратурасына сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, бұрын тонау қылмысы үшін сотты болған «Б.Т.» есімді Мақатарал ауданының тұрғыны өзінің ауылдас танысының жүк көлігіне көмекші жүргізуші болып жалданған. Кейіннен екеуі Ресейге жүк алып барыпты. Кері қайтып келе жатқан жолда ол қолайлы сәтті пайдаланып, көлікті жолдан дүкенге темекі алу үшін тоқтатқан. Сөйтіп, оңай жолмен табыс табу мақсатында, сыбайластарына хабарласады. Оларға қасындағы ауылдасы қомақты көлемде ақша әкеле жатқанын әрі Сарыағаш ауданындағы дәмханалардың біріне кірген кезде көлікті тонау қажеттігін ескертеді. Өзіне күдік тудырмау үшін ол ұрлықты сыбайластарына жасатпақ болған. Екі жүргізуші Ғани Мұратбаев ауылындағы дәмханаларының біріне кірген кезде қылмыстық топ мүшелері жүк көлігінің терезесін сындырып кіріп, 4.000.000 /төрт миллион/ теңгені жымқырып, оқиға орнынан бой тасалаған.

«Аталған дерек бойынша Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасының полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі бойынша (ұрлық) іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Сарыағаш аудандық прокуратурасымен, осы қылмыстық іс бойынша бірқатар сотқа дейінгі тергеп-тексеру және жедел іздестіру іс-шараларын жан-жақты толық, объективті түрде жүргізу туралы жазбаша нұсқау берілді. Артынша кісі тонаған 5 күдікті де қолға түсті. Бүгінде олардың өзге де қысмыстарға қатыстылығы тексерілуде»,-дейді аудан прокуроры Нұржан Боранбаев.