ОҚО-да тарихи-танымдық 10 сериялы киноның тұсауы кесілді
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген басымдықтар бойынша облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен «Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты үш анимациялық фильм мен «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая түсірілді.
Фильмнің көрсетіліміне «Қазақфильм» киностудиясының және «Қазақстан аниматорлар» қауымдастығының өкілі, облыстағы зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері және шығармашылық топ қатысты.
Оңтүстік Қазақстан облысының имиджін көтеріп, тарихын жаңғыртып, туризмін дамытуға бағытталған «Көне жетігіннің сыры» атты 10 сериялы киножобасы республикалық арналардан көрсетілетін болады.
Фильмнің басты мақсаты - өңірдегі Түркістан, Арыстан баб, Отырар, Сауран, Сайрам секілді көне жерлер мен Ақсу-Жабағылы қорығы, Қазығұрт тауы, Өгем табиғи қорығы секілді табиғаты әсем жерлерді көрсетіп, рухымызды жаңғырту, тарихты ұғындыру арқылы елжандылыққа тәрбиелеу және өңірдің туризм саласын дамыту.
Еске сала кетейік, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде өткен Оңтүстік Қазақстан облысының Астана қаласындағы күндері аясында қазақтың намысын, рухын және қара күшін бүкіл әлемге танытқан Қажымұқан атамыздың өміріне арналған «Күш атасы - Қажымұқан» анимациялық фильмінің тұсауы кесілген болатын. Ал, «Отырарды қорғау» анимациялық фильмінің презентациясы келер жылдың басында өтеді депи жоспарлануда.