ОҚО-да тауда жоғалған туристер табылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам су шатқалына екі турист шығып, қайтып оралмаған. Олардың із-түзсіз жоғалып кеткені туралы туыстары екі күн өткен соң төтенше жағдайлар қызметкерлеріне айтып, көмек сұраған. Бұл туралы Облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының жетекшісі Павел Вишенин мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Өңірдің Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты жедел құтқару жасағы саяхатшыларды іздеуге 14-ші тамыз күні шығады. Бес адамнан тұратын топ мүшелері шатқалға көтеріліп, екі сағаттан кейін-ақ жоғалған екі адамды тапқан. 31 және 32 жастағы саяхатшылар Кіргелі шатқалынан үш шақырым қашықта жүргені анықталды. Екеуі де дін аман, ешбір жарақат алмапты.

Еске салайық, ОҚО төтенше жағдайлар қызметкерлері бұған дейін де бірнеше рет тауға шығып, адасып қалған саяхатшыларды тапқан болатын. Сондықтан тұрғындарға табиғат аясын тамашалағанда аса сақ болуға, білмейтін бағыттарға шықпау керектігін ескертеді.