Айта кетейік, топырақ жұмысшылардың жұмыстарын аяқтауларына бірнеше минут қалғанда құлаған. Компанияның бір топ қызметкерлері 4 метр тереңдікте магистральды құбырдың астындағы кәріз коллекторына қажетті жер қазып жатқан.
Траншеяның түбінде «Югсантехмонтаж» мердігерлік компаниясының 4 жұмысшысы жұмыс істеп жатқанда олардың үстіне топырақ құлап, адамдар топырақтың астында қалып қойған. Оқиғаның куәгерлері бірден құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметін шақырған.
Оңтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлармен күрес бөлімінің бастығы: «Біз операцияны сағат 18-00-дер шамасында бастадық және ол шамамен 2,5 сағатқа жалғасты. Соңғы адамды біз сол 2,5 сағаттан соң шығарып алдық. Онда тіреуіш болған, соның арқасында адамдар аман қалды және біз оларды уақытында шығардық»,-деді.
Құтқарушылардың айтуларынша, топырақ жұмысшылардың тыныс алу органдарын емес, бастарын басып қалған. Соның салдарынан олар жәй шошып қана қалған, әйтпесе жағдай басқаша болуы мүмкін еді. Абырой болғанда, оларға медициналық көмек те аса қажет болған жоқ. Оларға қарағанда операцияның қауіпсіз өтуі үшін өзі топырақ астында қалса да тіреуіш орнатқан құтқарушының жағдай мүшкілдеу.
Топырақ екінші қайтара құлаған сәтте ол траншеяның ең қауіпті тұсында болған. Зардап шеккендердің барлығы жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді.
«Сағат 18-00-де бізге зардап шеккендер көптеп келіп жатқан кез болатын. Олардың барлығы да жұмыс барысында жарақат алғандар. 1982 жылы туған зардап шегуші азаматтың омыртқасына зақым келген. Ол травмотология бөліміне жеткізіліп, қазіргі таңда оның жағдайы орташа. Барлық қажетті медициналық ем-домдарды алып жатыр»,-деді Шымкент қалалық жедел жәрдем қызметі ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сәби Байбосынов.
Құтқарушы есін жиды және ол жұмысшыларды құтқару жұмыстары соңына жетіп қалғанда екінші рет топырақ құлағандығын еске түсіріп жатыр. «Біз жігіттерді топырақтың астынан алып шығып, құтқару жұмыстарын аяқтап қалған болатынбыз. Сол сәтте шұңқырға тағы топырақ құлады. Ол тура мен тұрған жерге түсті. Одан әрі не болғаны есімде жоқ»,-деді ол.
«Югсантехмонтаж» ЖШС-нің зардап шеккен қызметкерлері аздаған жарақат алған және олар алғашқы медицинлық қызмет көрсетілген соң үйлеріне жіберілді. Топырақтың құлауына техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтамау жағдайы себеп болды ма, әлде бұл кездейсоқ болған жағдай ма ?. Ол жағы тергеу жұмыстары барысында белгілі болады.