Өңірдің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам өліміне кінәлі деп танылған Мақтарал ауданының тұрғындарын 15 жылға бас бостандығынан айырды.
Қылмыстық оқиға 2016 жылдың желтоқсан айында болған. Мақтарал ауданының 34 жастағы тұрғыны көлігімен жаңадан үйленген жолдасын келіншегімен алып жүрген. Жол бойында оның көлігін Ауди мен Мерседес көлігін тізгіндегендер қысып, жүруіне кедергі жасаған. Жолдағы текетірес ақыры төбелеске ұласады. Екі көлікте болған ағайынды жігіттер, Мақталы ауылының тұрғынын ұрып-соғып, төрт жерінен пышақтап кеткен. Кейіннен осы қылмысқа қатысы бар деген бір күдікті ұсталған болатын.
Тергеу барысында сезіктінің ауыр қылмысты бауыры және туыс ағасымен бірге жасағаны анықталды. Үш айыпталушыға қатысты сот отырысы өткен жылдың сәуір айында басталған еді. Алайда судья Әбсаттар Шаихидинов бүгін тек ағайынды екі жігітке ғана сот үкімін шығарды. Қасақана кісі өлтірді деп айыпталғандар 15 жылын түрмеде өткізетін болды.
Ал, туыс ағалары сот үкімімен ақталып, сот залынан босатылды. Десе де мұндай үкім жәбірленуші тарапты қанағаттандырмады. Марқұмның туыстары сот залында шу шығарып, айыпталушылардың туыстарымен жанжалдасып кетті. Болмаған соң сот залына қосымша тәртіп сақшылары шақырылды. Қалай болғанда да тараптар сот үкімімен келіскісі жоқ. Олар үкім күшіне енбей тұрып, сотқа наразылық шағым береміз деп отыр.