ОҚО-да туған анасы мүгедек қылған баланы өзге отбасы асырауы мүмкін
Ордабасы аудандық білім бөлімінің әдіскері Еркінай Жамалованың сөзіне қарағанда, анасынан таяқ жеп, денесін күйік шалған Асыл Батталғазиев мүгедек болып қалды. Әлі күнге дейін аудандық ауруханада ем қабылдап жатқан жеткіншектің аяғы ақсақ болып қалған. Сондықтан қазір баланы мүгедектікке шығару үшін құжаттар рәсімделуде екен.
Ал, перзентін осы халге жеткізген шешесін сот жуырда аналық құқынан айырыпты. Қазір оның ісімен құқық қорғау органдарының тергеушілері айналысып жатыр. Қатыгез әйел енді сот алдында жауап беретін болады.
Білім бөлімінің қызметкерлері болса енді психологиялық тұрғыда қатты зардап шеккен Асылды жетімдер үйіне жіберместен отбасы тәрбиесіне берілгені дұрыс деп отыр.
«Асыл 7 жасында көп қиындық көрді, психологиялық тұрғыда оған бұл жәйіттер ауыр салмақ болды. Бірнеше айдан бері ауруханада жатты. Оған қазір мейірім керек. Қазір аудандық білім бөліміне Ордабасы ауданынан бір отбасы оны асырап алғысы келетіні жөнінде өтініш түсірді. Ол мәселені енді арнайы комиссия шешетін болады», - деді Еркінай Жамалова.
Еске салайық, осы жылдың мамыр айында Ордабасы ауданында 7 жасар баланың ес-түссіз, ауыр халде ауруханаға түскені мәлім болған. Ол кезде өңірдің тәртіп сақшылары жеткіншекті туған анасы сабап тастағаны анықталған болатын. Кейіннен жеткіншектің шешесіне қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бабы бойынша іс қозғалып, бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Қазіргі 26 жастағы әйелге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.