ОҚО-да «Туған жер» бағдарламасы бойынша 80 жоба жүзеге аспақ

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасы мақаласы негізінде қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру ҚР Президенті Әкімшілігі белгілеген жобалық менеджмент тәсілімен  жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысында қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.      

Облыстық әкімдік аппаратының бас инспекторы Бақытжан Әшірбековтің айтуынша, бүгінгі таңда «Туған жер» бағдарламасының 4 жобасы бойынша, 95 жоба республикалық кеңсеге жолданды. Соның ішінде 80-і республикалық жобалар қатарына еніп отыр.  Олардың менеджмент жүйесін ҚР Бас прокуратурасы қолға алып,  жұмыс жүргізуде. Жобаны жүзеге асыру үшін түрлі мәжілістер, талқылаулар ұйымдастыру емес, нақты өлшемді, қолжетімді, өзекті, критерийлері бар смарт мақсаттар жобалары арқылы жүзеге асырылмақ.

«Жалпы 2022 жылға дейін бюджет есебінен16,2 миллиард теңге құрайтын жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.  Ал, кәсіпкерлер, демеушілер есебінен 2017-2018 жылға 2,3 миллиард теңгені құрайтын 200-ден астам жоба жүзеге асырылады»,- дейді облыстық әкімдігі аппаратының бас инспекторы Бақытжан Әшірбеков.