ОҚО-да заңсыз көші-қон мәселесі өзге өңірлермен салыстырғанда күрделірек

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында заңсыз көші-қон мәселесі өзге өңірлермен салыстырғанда күрделірек. Оған негізгі себеп - өңірдің орналасу ерекшелігі. Бұл туралы облыстық Ішкі істер департаментінің Көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрдәулет Төлегенұлы мәлімдеді.

Оның сөзінше, көршілес Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғыз елдеріндегі экономикалық тоқырау да қосымша қиындық туғызып отыр екен, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Экономикасы көш соңында қалып қойған көршілес елдердің азаматтары отбасыларына нәпақа табу үшін шет елдерден жұмыс іздеуге мәжбүр. Олар Ресей, Еуропа елдеріне оңтүстік арқылы өтеді. Бірқатары күнгейде тұрақтап қалады.

Басқарма бастығының айтуынша, өңірде уақытша тіркеуге тұратын шетелдіктердің басым көпшілігін қазір Өзбекстан азаматтары құрайды. Жедел-алдын алу шараларының және күнделікті атқарылған жұмыс нәтижесінде соңғы 3 ай ішінде көші-қон заңдылығын бұзған 1569 шетелдік анықталып, әкімшілік жауапқа тартылған. Жергілікті 1419 тұрғынға қатысты да әкімшілік шара қолданылған.

«Облыста шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 39 азамат жауапқа тартылды. Тіркелген мекен-жайдан өзге аумақта тұратын жеке тұлғалар мен шетелдіктерді өз меншігіндегі тұрғын үйге тіркеген - 12, шетелдіктерді заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен 148 азамат әкімшілік айыппұл төлеген»,- деді Нұрдәулет Төлегенұлы.

Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда қайыршылықпен айналысып жүрген 4 шетелдік азамат ел аумағынан шығарылған.