Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұйымдастыруымен Шымкент көлік прокуратурасының, ОҚО ІІД жергілікті полиция қызметі мен әкімшілік полиция басқармасы және облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшыларының қатысуымен арнайы жиын өтті. Құзырлы органдардың қатысуымен облыс бойынша рейдтік шаралар қаңтар айынан бастап жүргізіліп келеді. Аталған мерзімнен бастап 1 ақпанға дейін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес 1 091 хаттама жасалған. Оның ішінде тікелей жолаушылар көлігіне қатысты 157 хаттама толтырылып, 2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Айта кетерлігі, хаттамалардың 67 пайызы - жолаушы тасымалдаушы қоғамдық көліктердің міндетті техникалық тексеруден өтпегендігіне байланысты болса, 24 пайызы - сақтандыру полисінің болмауына қатысты толтырылған.
Сондай-ақ, хаттамалардың 4 пайызы - тұрақты емес тасымалдаумен айналысуға құқық беретін лицензияның жоқ екені анықталды. 2,5 пайызы - қызмет көрсететін мекеме мен тапсырыс беруші арасындағы жасалатын шарттың көшірмесінің болмағандығын көрсетіп отыр.
Жүргізілген рейдтік шаралар нәтижесінде қоғамдық көліктерді міндетті техникалық тексеруден жалған өткізген техникалық байқау мекемелеріне шара қолдану бойынша ұсыныс берілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта құзырлы органдардың қатысуымен тұрақты жүргізілетін болады.