Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше 2, 5, 7 сыныптардың оқушыларын барлық оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендерімен толығымен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 4,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінде алынған оқулықтар білім беру ұйымдарына 25 тамызға дейін тасымалданып бітеді. Сонымен қатар басқа да сыныптардың жетіспейтін оқулықтарымен кітап алмасу арқылы толықтырылу жоспарлануда.
Айта кетейік, елімізде әрбір бесінші бала өмірге келетін оңтүстік өңірінде 1 200-ден астам білім ошағы бар. Сондай-ақ «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін 19 мектеп пайдалануға берілмек. Аталған нысандар толық аяқталып, халық игілігіне берілгенде, өңірде 12 мың оқушы 8 апатты, 11 үш ауысымды мектептердің орнына су жаңа білім ошақтарында тәлім алатын болады.