ОҚО-да жасөспірімді зорлау дерегін тергеуді кешіктірген қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында жасөспірімді зорлау дерегі бойынша тергеу шараларын кешіктірген қызметкерге қатысты тексеру тағайындалды. Ұзақ уақыт тергемегені үшін облыстық ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы  полиция қызметкеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 371-ші «Салғырттық» бабымен іс қозғады.  Бұл туралы бүгін облыс прокуроры Ибраһим Иманов баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Өңірдің прокуроры, сондай-ақ, қызметінен уақытша шеттетілген Бәйдібек ауданының прокуроры Әбдімүтәліп Мұстафаевтың орнына өзге прокурор міндетін атқарушы болып тағайындалғанын айтады.  Оның сөзінше қызметтік тексеру шаралары аяқталған соң ғана аудан прокурорына қатысты нақты шешім қабылданатын болады. Айта кетейік, Әбутәліп Мұстафаев Бәйдібек ауданының прокуроры болып өткен 2016 жылдың  ақпан айынан бастап қызмет етіп келеді.

«Құқық қорғау қызметі» Заңының 38-ші бабына сәйкес, қызметтік тергеу аяқталғанға дейін Әбутәліп Мұстафаев атқарып отырған Бәйдібек ауданы прокуроры лауазымынан шеттетіледі. Қызметтік тергеу шаралары нақты қай уақытта аяқталатынын айта алмаймыз. Оның уақыты істің маңыздылығына, қаншалықты қиындығына байланысты болады. Ал, енді бұл ақпарат халықтың арасына кеңінен тарағаннан кейін ертеңгі күні жауапсыз қалмайтынын бәріңіз біліп отырсыздар ғой», - деді облыс прокуроры И.Иманов.

Ибраһим Иманов  күдікті ретінде ұсталған Түлкібас ауданының 1996 жылғы тұрғынының үстінен қозғалған қылмыстық іс жәбірленуші жасөспірімнің жауабынан кейін  Қылмыстық кодекстің 122-бабы 1-бөлігінен (Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) 120-шы баптың 3-бөлігі 3-тармағына (Көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты зорлық) ауыстырылғанын да атап өтті. 

Еске сала кетсек, Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында  8-ші сынып оқушысын зорлады деген күдікпен 21 жастағы жігіт қамауға алынған болатын. Оқушы қыздың туыстары полицейлер тиісті шара қолданбады деп Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялаған еді. Ал, қылмыстық іс қаралып жатқан Бәйдібек ауданының прокуроры Әбутәліп Мұстафаев республикалық «Время» газетіне берген сұхбатында 14 жастағы қыз баланың жеке өміріне қатысты мәліметтерді жария еткен-ді. Осы сұхбаттан кейін қоғам белсендісі Мұрат Әбенов Facebook парақшасында "ОҚО-дағы прокурорды зорланған 14 жастағы қыз туралы сұхбаты үшін жұмыстан қуу керектігін" жазған. Өз кезегінде ҚР Бас прокуратурасы Оңтүстік Қазақстан облысында кәмелеттік жасқа толмаған оқушы қызды зорлау ісін өз бақылауына алып, аудан прокуроры қызметінен шеттетілгенін мәлімдеді.

Ал, осы қылмысқа қатысы бар деген күдікті уақытша тергеу абақтысына қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер осы қылмысты ашу үшін бірнеше сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, оның қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатынын айтқан еді.