ОҚО-да жатақхана салудың жаңа тұжырымдамасы әзірленуде

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында мамандар  мемлекеттік - жекешелік әріптестік аясында студенттер үйін салу бойынша арнайы тұжырымдама дайындауда. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары бас қосқан жиында «Қазақстандық мемлекеттік - жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев мәлім етті, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінде 2022 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана салу айтылған. Осы тапсырмаға сәйкес, бүгінде оңтүстік өңірінде де ауқымды жобалар жүзеге асырылмақшы. Қазақстандық мемлекеттік - жекешелік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаевтың сөзінше,  өңірде  жатақхана салу бойынша тұжырымдама әзірге  нақты бекітілмеген. Әлі де өзгертулер мен толықтырулар болады. Қазір өңірдегі 90 колледж бен 12 университетте білім алатын жастардың 5/3-і жатақханаға мұқтаж.

«Елбасы айтқандай, студент сапалы білім алу үшін, оған тиісті деңгейде жағдай жасау керек. Осыны ескере отырып, студенттер үйінің жобасын, оның орындалу барысын қағазға түсіріп шықтық. Осыған байланысты қандай да бір ұсыныстарыңыз болса, мархабат», - деді Талғат Матаев.

Мамандар мемлекеттік - жекешелік әріптестік тетігі аясында салынатын студенттер үйі халықаралық стандарттарға жауап беретін жатақхана болатынын айтады. Ондағы жайлылық үйдегіден кем болмайды.

Жобамен танысып шыққан жоғары оқу орындарының басшылары бірқатар ұсыныс- пікірлерін ортаға салды. Олар соңғы үлгіде салынатын жатақханаларға төленетін ақша мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Себебі, халықтың қалтасына қонымды болмаса, студенттер өз еріктерімен пәтер жалдап тұруға мәжбүр болады. Егер жоба тиімсіз болатын болса, кәсіпкерлер бұл мәселеге қалай атсалысады деп сауал қойғандары да болды. Жоғары оқу орны жатақхана салатын болса, онда мемлекет белгілі бір уақыттың ішінде оған жұмсалған қаражатты қайтарып береді. Аталған қаражат республикалық бюджеттен қарастырылатын болады. Ал, студенттерге жатақхана салу ісін жергілікті әкімдіктер, жоғары оқу орындары, жеке компаниялар  бірлесіп шешеді. Бұл жобаны алдағы уақытта  Үкімет дайындайтын болады.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жалпы 59 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, құны 12,3 млрд теңгені құрайтын 22 жобаға жеке әріптес анықталып, келісімшарт жасалды және 28,5 млрд теңгеге мемлекеттік міндеттеме алынды.

Бұдан бөлек, 28,6 млрд  теңгеге 22, оның ішінде 5 автомобиль жолын күрделі жөндеу, 5 білім, 3 денсаулық сақтау, 4 спорт, 1 жарықтандыру, 1 әлеуметтік қорғау, 3 құрылыс жобаларына жекеше әріптесті айқындау үшін конкурс жарияланды.