ОҚО-да жыл басынан бері 3 мыңнан аса кәсіпкерге қаржылай емес қолдау көрсетілген

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлік палатасы бизнеспен айналысқысы келетін жеке тұлғаларға қаржылық емес қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі күнге дейн палата тарапынан 13 мыңнан аса шағын және орта бизнес өкілдері тегін қызмет түрлерін алған. Ал, билығы жылдың басынан 3 мыңнан аса кәсіпкерге 5491 қызмет түрі көрсетілген. Бұл туралы бүгін өңірлік палатаның директоры Асқар Әбубәкіров баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Өңірлік палата директорының айтуыншпа, кәсібін дөңгелетіп жүргендер көбінде жер телімін алу мен салық төлемдеріне қатысты және кедендік рәсімдер жүргізу бойынша көмек сұраған. Сондай-ақ түрлі тексерулер мен орынсыз айыппұл салу жағдайлары да кәсіпкерлерді әбден шаршатқаны белгілі болды. Осындай келеңсіздіктерді болдырмас үшін Кәсіпкерлік палатасы арнайы call орталығының қызметін ұсынып отыр. Яғни кез-келген бизнес өкілі өзін мазалаған сұрақтар мен ұсыныс пікірлерін орталыққа хабарласып, айта алады. Бұдан бөлек, Асқар Әбубәкіров палата ішінен Қытай елімен кәсіпкерлік байланысты нығайтуға көмектесетін арнайы маман барын хабарлады. Күншығыс елінде 20 жыл бойы тұрған бұл азамат енді күнгейлік кәсіпкерлерге сауда жасауға, құжаттар рәсімдеуге де қолғабыс ететінін айтып отыр. Ал бұған дейін кәсіпкерлерге көрсетілетін өзге көмектер жалғаса беретінін тілге тиек етті.

«Кәсібін жаңадан бастап жатқан азаматтарға бизнес жоспарын тегін жасап береміз. Ол үшін қандай қаражат құжаттарын жинау керек, оны толықтай түсіндіріп, бірге жинаймыз. Себебі қазіргі таңда шаруалар ол туралы біле бермейді. Сол себептен біздің мақсатымыз аудандарға тікелей көмектесу, осы жобаларды жүргізіп, қаржысын алып беру болып отыр»,-деді Асқар Әбубәкіров.