Облыстық теміржолшылар мен прокурорлар, көліктік бақылау инспекторлары басқосқан жиында кәсіпкерлердің шойынжолды күтіп-қарамауы сөз болды. Салдарынан осындай келеңсіз жағдайлар орын алған. Мәселен, өткен жылы вагондардың рельстен шығып кетуі бойынша 7 жағдай тіркелді. Соның біреуінде өрт шығып, 1,5 миллиард теңгедей шығын келген. Көліктік бақылаушы инспекторлар ендігі кезекте кемшіліктерге жол бергендерге қатаң әкімшілік шаралар көрілетінін ескертті. Олар қазірден бастап темір жолдардың жағдайына тексеру жүргізе бастаған.
«Біз тексеру жүргізу барысында кемшіліктерді анықтасақ, ондай шойынжолдардың қызметін тоқтататын боламыз. Ертеңгі күні түсініспеушілік болмас үшін біз қазірден бастап барлығының басын қосып, түсіндіру шараларын жүргізіп жатырмыз», - дейді ОҚО көліктік бақылау инспекциясының бөлім бастығы Сапарбек Турдалин.
Айта кетейік, бүгінгі таңда шойын жолдар жекенің қолына өтіп кеткен. Өңірде 200-ден аса кәсіпкер теміржолдарды меншіктеп алған. Алайда олардың басым көпшілігі темір жолдарға қаражат жұмсағысы жоқ.