Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының сөзінше, өндіріс барысында 32 адам зардап шегіп, олардың 7-уі қайтыс болған. Өткен жылы 127 адам зардап шегіп, 19 адам көз жұмған. Мұндай жағдайлардың болуына жұмыс берушілердің қызметкерге қауіпсіз еңбек тәсілдерін жеткілікті үйретпеуі, жұмысты талапқа сай ұйымдастыра алмау және еңбекті қорғау ережелерінің бұзылуы себеп болған.
Аталған басқарма қызметкерлері ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында облыстағы кәсіпорын мен мекемелерде 179 тексеру жүргізгенін айтады. Тексеру кезінде 242 заңбұзушылық дерегі анықталған. Азаматтардың жұмысқа орналасуы кезінде еңбек келісімшартын түзуді талап етпейтіні белгілі болған. Анықталған заңбұзушылықтар негізінде 124 нұсқама беріліпті.
Сондай-ақ еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 38 жұмыс берушіге 6 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. 6 адам еңбек заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік жазаға тартылса, еңбекті қорғау талаптарын бұзғаны үшін 14 азаматқа қатысты іс құқық қорғау органдарына жолданған.