ОҚО-да жылына 10 мың тоннаға дейін ас тұзын өңдейтін зауыт жұмыс істейді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында жылына ас тұзын өңдейтін зауыт жұмыс істейді. 2016 жылдың қараша айында іске қосылған зауытта бүгінгі дейін 1000 тонна өнім өндіріліп, облыс аумағы мен көрші облыстарға жіберіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Созақ ауданының индустриалды аймағынан ашылған «Дархан-Ас» өндірістік кооперативі сағатына 5 тоннаға дейін иодталған ас тұзын шығарады.  Жергілікті 14 тұрғынды жұмыспен қамтып отырған зауыт облыстың тұзға деген 100 мың тонналық сұранысының 10 пайызын қамтамасыз етуге қауқарлы. Тұз өңдеу цехының басшысы Мұрат Сапаровтың сөзінше, өндіріс орны толықтай автоматтандырылған, бір түймемен басқарылады. Нысан жұмысшылары шикізатты ауданның Тасты ауыл округіндегі «Бақыт таңы» тұз кенінен алуда екен. Цехта 1, 5 және 10 келілік ас тұздары қапталып, буылады. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 70 млн. теңге несие алған өндірістік кооператив басшылығы бүгінге дейін қарызының 30 пайызын жауып үлгерген.