Өйткені, Оңтүстік Қазақстан облысында жылына 200 тонна қозықұйрық өсіретін жылыжай іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.
Серіктестік басшылығы бұл кәсіптің түрін Польша еліндегі әріптестерінен үйренгенін айтады. «Agro green» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі кешен жылына төрт рет өнім береді. Қозықұйрықтың адам ағзасына тигізер пайдасының мол екенін айтқан ферма басшылығы бұл кәсіптің тиімді екенін жеткізді.
«Егілген қозықұйрық үш айда дайын болады. Қазір алғашқы қозықұйрықтар көтерілді. Бүгінде қозықұйрықтың А-15 сортын өсіріп отырмыз. Ал, тұқымды Голландия елінен тасымалдаймыз. Дайын өнімге тапсырыс та жоғары. Қазір осы камераларда өскен 5 тонна қозықұйрық еліміздің бірқатар қалаларының нарығына шығарылуда»,- дейді серіктестік директорының орынбасары Ақжол Қоңқабаев.
Серіктестік ашылғалы бері жергілікті 20 тұрғын жұмыспен қамтылған. Ферма бүгінге дейін 5 тонна өнім жинап, оны Қарағанды, Алматы мен Шымкент қалаларына саудалапты.