ОҚО-да зиянкестерге қарсы күрес шаралары 275 мың гектарға жүргізіледі

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында биыл үйірлі шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес шаралары 275 мың гектарға жүргізіледі. Бұл туралы Сарыағаш ауданында шегірткеге қарсы дәрілеу жұмыстарын ұйымдастыру, үйлестіру бойынша өткен семинарда облыс әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Үйірлі шегірткеге қарсы күрес шараларын жүргізетін техникалардың дайындығымен танысқан аймақ басшысы зиянкестерге биологиялық күресті жоғары деңгейде ұйымдастырып, зерттеу-анықтау шараларын тыңғылықты әрі сапалы жүргізуді тапсырды.

«Дер кезінде алдын алу шараларын қолға алу қажет. Бұл зиянкестердің әлсіз әрі шағын кезін тиімді пайдаланып химиялық дәрілер арқылы жоюға жұмыла әрекет етпесек күніне 50-60 шақырым жолды жайпап өтетін шегірткеге ешкім қарсы келе алмай қалады. Сондықтан зянкестерге қарсы химиялық күрес шараларына аса жауапкершілікпен қарау керек», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Ағымдағы жылы дәрілеу шаралары өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артық болып отыр. Химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 1574,7 мың гектар алқапта анықтау-зерттеу жұмыстары қолға алынды. Оған «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесінің облыстық филиалы тарапынан 93 адам жұмылдырылған.

Химиялық өңдеуден өтетін аумақтарға жерүсті агрегаттары, ұшақтар және аспалы бүріккіштер қолданылады. Дәрі себілетін жерлердің басым көпшілігі Сарыағаш ауданына тиесілі. Сонымен қатар Арыс, Шардара, Ордабасы және Бәйдібек аудандарына да қаржы мен қажетті көлемде дәрі бөлінген. Жоспарға сәйкес дәрілеу жұмыстары зиянкестердің марокко, азиялық шегіртке, итальяндық прус түрлеріне жүргізіледі.

«Анықтау-зерттеу жұмысын сапалы жүргізу үшін аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарынан қосымша 287 анықтаушы бөлінетін болды. Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына 71 дана жерүсті агрегаты, 5 дана АН-2 ұшағы қаралып, арнайы мамандар тиісті жұмыстарына кірісті»,-деді облыстық аумақтық инспекция басшысы Нүркен Бадырақов.

Сондай-ақ алғаш рет облыстық аумақтық инспекцияда жедел байланыс орталығы ашылып отыр. Орталықтың «1305» нөміріне кез-келген азамат хабарласып, шағымдарын айтуына болады. Бұл шаралар агроқұрылымдардың ұсыныстарын, шағымдарын дер кезінде қарап, нақты шаралар қабылдау үшін және былтырғы жылғы кемшіліктерді болғызбау мақсатында қолға алынған.