Кездесуде экономика өсімін арттыруда қосымша резервті анықтау мәселелері талқыланып, қаржыландырылуы тиіс жаңа инвестициялық жобалар сараланды. Қос тараптар өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, жалпы құны 617,5 млрд. теңгені құрайтын 22 жобаны қаржыландыру жөнінде келісімге келді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен. «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасымен өткен жиында өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен сөз болып, экономиканы өрге сүйрейтін жаңа жобалардың таныстырылымы өтті. «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасының назарына алдымен Шымкент қаласындағы әуежайды жаңғырту жобасы ұсынылды. Былтырғы жылы әуежай 420 мың жолаушыға қызмет көрсетсе, таяу уақытта мұндағы жолаушылар ағыны 30 пайызға артады деп жоспарлануда. Сол себепті әуежайдың терминалы мен ұшу және қону жолағын заман талабына сай қайта жасақтау міндеті тұр. Сонымен қатар автостанса және темір жол перронын салу ойластырылып, бұл еліміздегі ең тұңғыш мультимодельді хаб болып қалыптасады. Ал сауда-логистикалық орталығында «А» класты заманауи қоймалар құрылысын бастаған «Continental Logistics» ЖШС жобаның екінші кезеңінде отандық көкөністер мен жеміс-жидектерді қалыпты күйінде сақтауға арналған климаттық қоймалар салуды ұйғарып отыр. Еліміздегі және шетелдік нарықта өзіндік орын иеленген «Hill corporation» ЖШС базалық майлар шығаратын жаңа кәсіпорынның негізін қалауды жоспарлауда. Алдын ала жасалған талдау бойынша мұнда дайындалған өнімнің 40 пайызы қытай еліне экспортталмақ. Сондай-ақ бұл кездесуде «Молочный рай» ЖШС 1000 бас асыл тұқымды мал асырайтын сүт-тауарлы фермасы мен замануи сүт өндеу зауыты жобаларының таныстырылымын жүргізді. Ал «Амир А» ЖШС металлургиялық зауыты қос таврлы және үлкен өлшемді швеллер бұйымдарын өндіруді көздеп отыр. Жобалармен мұқият танысқан «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Б.Жәмішев осы жобалардың әрқайсысы да ұйымның мақсат-мүддесіне сай келетініне тоқталып, қаржылай қолдау көрсетуге болатынын атап өтті. Сондай-ақ басқарма төрағасы Кентау трансформатор зауытының қуаттылығы 110-120 кВт трансформаторлар шығару желісін ұлғайту, «Оңтүстік» индустриалды аймағы» дирекциясының газды өңдеу арқылы электр энергиясын өндіру, «Назар текстиль» ЖШС кілем фабрикасының екінші кезеңін жүргізу, Түркияның «Каланча» компаниясымен бірлесе джинсы матасын шығару, «Шымкентмай» АҚ өндірістік кешенін жаңғырту секілді жобалармен де танысып, олардың бизнес-жоспарлары ұйым мүдессіне сай болса қаржыландыруға дайын екендігін мәлімдеді. Ал Қасқасуда тау-шаңғы курортын жүргізу, гранулалық пропилендер мен жоғары октанды бензин өндірісіне қажетті метилтретбутилды эфир өндіру, сары фосфор мен фосфор қышқылын шығару, желден электр энергиясын өндіру, радиаторлар өндірісін қолға алу сынды жобалар бойынша бизнес-тәуекелдер нақты есептеліп, жобаның коммерциялық құндылығы мен одан түсетін пайда дұрыс айқындалуы керек. Түс қайта «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Шымкент мұнай өңдеу зауыты мен «Стандарт цемент» ЖШС цемент зауытын қайта жаңғырту жұмыстарымен және Шымкент қаласында салынып жатқан сауда-логистикалық орталығында «Continental Logistics» ЖШС-нің қойма кешендерімен танысты.
19:31, 15 Шілде 2015
ОҚО-дағы 22 жобаны «Қазақстан даму банкі» АҚ қаржыландырмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішевпен кездесті.