ОҚО-дағы акция: 114 отбасының ауласына жеміс ағаштары отырғызылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі «Мейірімді табиғат» атты ағаш отырғызу акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Акция ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай  ұйымдастырылды. Шара барысында мұқтаж отбасылар мен егде жастағы қарттардың,  сондай-ақ  мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмайтын азаматтардың үйлеріне жеміс ағаштарының көшеттері  отырғызылды.

Көшет отырғызу Арыс, Бәйдібек, Түлкібас аудандары мен  Кентау, Түркістан қалаларында өтті.  

Шараға ұлттық табиғи парк қызметкерлері, аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің мамандары, ауылдық округ әкімдіктерінің өкілдері және жергілікті мектеп орманшылықтарының мүшелері белсене атсалысты.

Жалпы аз қамтылған 114 отбасының аулаларына 10 данадан көшет отырғызылды. Осылайша бас-аяғы 1140 дана алма, өрік, алмұрт сияқты жеміс ағаштары тұрғындарға үлестірілді.

Ұлттық парк қызметкерлерінің сөзінше, шара енді дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын болады.