ОҚО-дағы аптап ыстық төрт түлікке қауіп төндіре бастады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында күннің қатты ысуы төрт түлікке тән аурулардың қозуына әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан сақтық шараларын күшейту керек.

Қазығұрт аудандық ветеринария бөлімінің мамандары мал асырап отырған шаруаларды жинап, осы мәселе бойынша семинар-кеңес ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Ветеринарлар жиында ауа райының қолайсыздығынан ауыл аймақтарда жүргізіліп жатқан сақтық шараларының қай деңгейде жүзеге асып жатқанын талқылады. Себебі, малдан жұғатын аурулардың алдын алмаса, тез тарап кету қаупі бар. Бұл өз кезегінде  қорасындағы қарасын түлетіп, тіршілік етіп жүрген халық үшін аса шығынды. Ал, қауіпсіздік шараларын сақтауда тек әкімдік пен ветеринар мамандарының ғана жұмыс жүргізуі жеткіліксіз. Осыны ескерген жауаптылар соңғы уақытта бұл іске қоғамдық ұйым мүшелерін де тарта бастаған. Олар ауылдарда халықпен кездесіп, түрлі кеңестер беруде. Мамандардың айтуынша аталған ауданда 457 мың мал емдеуден өткізіліп, 64 елдімекенде  9 421 жылқы мен ірі қара бүркілген.  366 мыңнан астам ұсақ мал тоғытылған.Аудан ветеринарлары енді біраз күнде күзгі залалсыздандыру жұмыстарына кірісеміз деп отыр. Жиын соңында сол бағыттағы істердің дайындығы да пысықталды.